ӘДІЛҚАСЫМ 60-ТА!

Семей малдәрігерлік-зоотехникалық институтының оқытушысы, ғалым, ветеринария ғылымдарының кандидаты, ұстазым, досым Әділқасым Жакипбаевқа

Фәни мен бақи арасы,

Қаракеттің парасы,

Әркім тірлік істейді

Жеткенше парық шамасы.

Кешегі ауыл баласы,

Жетісуда панасы,

Білім алып, ор бұзған

Семей екен қаласы.

Семейде ғашық болыпты,

Семейде машық болыпты,

Еш қалыңсыз, Раушан

Қолына да қоныпты.

Бәйгеде әркез озыпты,

Ғылымда хакім, озық-ты,

Өсіріп төрт ұл бүгінде

Бәйтерек, мәуе болыпты.

Алпыста жиған ырысың,

Ақылың, айбар, тынысың,

Дарысын ұрпақ — ұяңа

Әйтпесе өмір, не үшін?

Ұрпағың болсын мерейлі,

Бәйгеде озсын өрелі,

Сонда сен әр кез жасарып

Отырсаң қандай әдемі!

Күндерің жылға баларлық,

Сыйласын Аллам базарлық,

Бәрін де соның тойлайтын

Сыйласын Тағдыр денсаулық.

Осының бәрін қабыл ал,

Қоштайды мынау Халайық.

Алпысқа келген Атаға,

Осындай тілек ылайық.

17 қаңтар 2004 ж.