Қанатқа қанат, үмітке үкі байлаған,
Талаптан балам, негізің бар деп қайраған,
Салбырап басың, таусылып зауқың тұрғанда
Жаныңа жалын, санаңа сая сыйлаған —
Ұстазым!
Мінезге бойлап, қылыққа дәрі іздеген,
Болсаң да тасыр, әрқашан сені, сіз деген,
Меселін мың сан қайтарсаң да көнбесең
Шынайы мақтап, ісіңді әр кез сөкпеген —
Ұстазым!
Жұмсатып баптап, сенім мен міндет жүктеген,
Күдік пен ойын, ниет пен сырын бүкпеген,
Сен үшін кейде кейпіне кіріп бабамның
Жер ұйық іздеп, мазасызданған, терлеген —
Ұстазым!
Нақылын айтып, қиялмен айды тербеген,
Талабың биік, арманың жарқын, сен деген
Сенде бір кірпіш осынау фәни әлемге
Өрнегің сенің ерекше балам, ер деген —
Ұстазым!
Осынау шуақ, осынау терең төзімнің,
Сезгенмен сырын көкжиегінде сезімнің,
Ұлылықтың мен мұңылығына бас иіп
Түскенде басқа ет жүрегімнен егілдім —
Ұстазым!
