Шәкірттер көп алдымыздан өтетін,
Өтетін де ұмыт болып кететін,
Кейбіреуі қолы аузына жеткен соң
Ұстазына айтып та жүр кекесін.
Өмір шіркін өтесің де кетесің,
Кейде тауысып адамдардың жетесін,
Еркелетіп жер үстінде құнсызды
Неге ерте жақсыларға төтесің.
Ұстаз жолы абыройлы, ардақты,
Шәкіртімен ол адамдар жан-жақты,
Көп шәкірттер арасынан табуың
Қиын бүгін адамдарын салмақты.
Бақұл болшы, бақұл болшы, оқушым,
Бақұл кейде фәниден де биік шың,
Ұстазыңмын жүрек майын бөліскен
Дәріскерсің, жан — жайлауға тіккен мұң.
Құтты болсын сенің сәнді қонысың,
Мықты болсын жалғыз ұлың, өрісің,
Дәл өзіңдей немерелер өрбітіп
Ел — жеріңе «ой-һой» Мерей дегізсін.
Сау бол, сау бол, сау болайық бәріміз,
Таусылмасын өмір дәмі, әніміз,
Халимадай түтініңді түтетер
Елге сыйлы, ақылы бар жарыңыз.
Құт — береке берсін жайлы, ағайын,
Елдігіңе, кеңдігіңе болайын,
Дәулетімдей болса егер дәріскер
Нәр беруден жалықпайын, озайын.
Астана — Көкшетау, 2002ж.