ШОЛПАНҒА — ЖАРЫМА

Құдайға қарап күн кешкен,

Имани шартты ту еткен,

Дұшпаны түгілі, жауына,

Жүрегінен нұр төккен.

Балаларың алтындай,

Сайдың малта тасындай,

Асынбайды, пыспайды

Алауласа жасындай.

Осындай ұрпақ өсірдің,

Мені де жөнге көшірдің,

Аяулы, нұрлы назыңмен

Жақсы боп, жампоз күтілдім.

Рухың биік, мәйекті,

Әр ісіңнің бәрі епті,

Қалай да, қалай сол еңбек

Санама бітік дән екті.

Оқыдым ешбір алаңсыз,

Ойнадым, күлдім армансыз,

Осындай өрге жетерме ем

Кең жүрек, сенің панаңсыз.

Биік оқу — биік шың,

Сенімен ғана шығыппын,

Жасырып барша жаманды

Жақсымды ғана ұғыпсың.

Әттеген-ай ой қысқа,

Дүние-ай дейтін, той қысқа,

Жаныңа жағар бір қылық

Жарасты ма екен боп нұсқа.

Басымды ұрдым тасқа да,

Тауға да ұрдым сан сана,

Келмейді қайтып бұл өмір

Келмейді сендей дана Ана.

Тәубе деп қана күбірлеп,

Иманға жылу, нұр үрлеп,

Құдайдан тілеп өтермін

Артымда қалсын өзің деп.

Береке, шаттық аз болды,

Жүрекке қайғы, шер толды,

Өзіңмен өткен көп күндер

Маған той, саған мұң болды.

Кешірші, жаным, кешірші,

Кеуденің кірін кетірші,

Айналып келсін сол жұмақ

Есімнің есін естіші.

Менікі бейне, бос әуре,

Қалды ма екен бір сәуле,

Үмітім соны үкілеп

Демімді алсам бір зәуде.

Ақылдым, мен майыппын,

Даурығып қанат жайыппын,

Нұрланса қайта бұл жүрек

Риза болам, айыппын.

Білмей де қалдық, күз келді,

Қысы да келер, енді-енді,

Парасат қонған жүрекпен

Іләйім болсаң емде енді.

Емде!!!

23.12.2009ж.