
Тамұғы бар өмірдің, жұмағы бар,
Осы ортада адамның тұрағы бар,
Жан аялар жақұтты досың болса
Тамық жұмақ болады — осыны аңғар.
Жақұт досты жазыпты пешенеме,
Інім еді, Азамат болды елге,
Жан сарайы күңгірлеп жыр төккенде
Сыймай кетем осы кең дүниеге.
Жаратылған намыс пен әділеттен,
Жан-жағына тазалық гүлін еккен,
Қатал тағдыр кей-кейде тәркілесе
Өкпесі жоқ, жай ғана мұңын шерткен.
Табиғаты қазына, болмысы пәк,
Құдай құлы беретін келгенде сәт,
Күй де оныкі, өлең де, қарасөз де
Жанға жағып, бойыңа беретін дәт.
Төрде тұрар, өнерлі — құмай тазы,
Төмендетпе, жігіттің арыстаны,
Арыстардың кешегі нәрін емген
Танымалы қазаққа — ертең таңы.
Замандасы, дәріскер, достар еді,
Көтеріңкі, қуатты бәрі сері,
Жан — дүние әлемін бек игерген
Өнерпаздар — өнердің кемеңгері.
Оразғали, бауырым, анық сері,
Ортақ және менімен туған жері,
Текті атаның баласы, тегеурінді
Өзгешелеу бар жұрттан, айқын
«Мені». Халқы сүйген жігітті Сәуле сүйген,
Талабы мен талайын анық білген,
Қалаулыға қалаулы болсам деген
Кредомен өмірлік өмір сүрген.
Жанерке мен Ақмарал — қос кәмшаты,
Ықыласы — ықылас, тәңір сәті,
Қосындары — немере базарымен
Өмір көші жалғасар болсын тәтті.
Жыр сыйымды қабыл ет, еске түйген,
Қалаулымсың, інімсің ішім сүйген,
Кенеле бер, табыстан табыстарға
Болашақтан мол болсын алар жүлдең.
Астана, Қарағанды, Қарқаралы,
Отаның, өзегің ғой асқаралы,
Тілеймін, қарқараң боп қонсын саған
Киесі, аруағы, ой — дуалы.
Ағаң Нүркен, жеңгең Шолпан, іні-қарындастарың, келіндерің. 30 қыркүйек, 2010 жыл.