Ерте есейген, елің сенген інімсің,
Көпке ұнаған әрекетің, әр ісің,
Қайнар көзі — кісіліктің кәдімгі
Дәнін егіп, айналаңа жүрмісің.
Қуантады жұртпен ісің жарасқан,
Пенде болмай, әркімменен таласқан,
Бірін — туыс, бірін-жолдас тұтатын
Құдай берген бойыңдағы таланттан.
Үлкен — кіші, дана — шикі жұртың бар,
Бірі күншіл, бірі сыншыл — кім тыңдар?
Пида қыл да, сал додаға жаныңды
Халқым деген азаматқа сол мұғдар.
Кек сақтама, мақтау күтпе, бауырым,
Адал ұлы, құлы болғын халқыңның,
Отқа күйме, суға батпа, іздегін
Ой маржанын, іс абзалын, асылын.
Қарқаралы, 2005ж.