Құтты болсын, торқалы той, елу жасқа келгенің,
Ғалым болып, кемел толып, ақылыңа сенгенің,
Бұл әрине бас иетін, елеулі іс, бауырым
Адал еңбек мол төзімнің нәтижесі — бергенің.
Елу деген ердің жасы, алда талай асу бар,
Азаматтық болмысыңа мұсылмандық болсын жар,
Қызығына, шыжығына бұл фәнидің алданба
Сезіміңе, төл діліңе ыждаһат қыл, көңіл сал!
Жалпы қазақ болмысынан, тумысынан — байсалды ел,
Азаматы әр ісінде, ел ісінде болған ер,
Бүгінгі күн ортамызда оқыған көп дарынды
Бірақ елдің зиялыға зәрулігі – қайғы, шер.
Ой соңында, мына тойда тілегім бар саған, ер,
Ұзақ жаса, сергек болғын, берсін Алла мол жігер,
Ғылым жолын, иман жолын тал бойыңда жарастыр
Мен қуанып, дос қуанып, «ой-һой» десін қалың ел!
Қарағанды, 21 қараша, 2004ж.