
Әнші дара болмаса егер жаһанда,
Жүректе иман өнбес еді қашанда,
Көңілі — бек, бар әлемі кәусәрдан
Мейір ханы, Мейірханым аман ба?
Ер жасына, елуге, шықтың дерек,
Аллаң берген жылы сөз, жомарт жүрек,
Ұл мен Ұлы қос ұғым, бір ғана сөз
Ұл боп тудың, қалғанын ұқсаң керек.
Ортақ бізге кіндік қан тамған жерің,
Қанат байлап шыбыққа шапқан жерің,
Жаратқанның екеуміз бірдей құлы,
Қиындықпен тіршілік алған төрін.
Ақылды — ән, асыл – ән, інжу-маржан,
Бабалардан қалған сый ұқтың оғлан,
Алтын емес артыңда атың қалар
Үнің күшті, сөз мәнді, ойың орман.
Інімсің сен серттесер, бөлісер де,
Досымсың сен қуаныш бөлісерде,
Адамдықты қимайтын адам сынды
Іні берген, Дос берген бақыт менде.
Әнші – әулие, пайғамбардың әулеті,
Жан мен тәннің, тіршіліктің сәулеті,
Қыдыр қолдап, бір Хақ өзі оңдасын
Қуанта бер, сүйген жұртты — мәулетті!
(Мейірхан Сәйдіұлы Адамбековтың 50 жасқа толған күніне арнау)
26.10.2008ж.