Жетпісінші, сексенінші жылдардың бір түлегі,
Жасымбектің Майра қызы сол ортаның гүлі еді,
Оқу, оқу, белсенділік әрбір істе таныту
Сол заманның азаматтық, парасаттық ісі еді.
Болар бала белгілі ғой о’бастан, жылдар өтті,
Енді Майра гүл ғана емес — Гүлстан,
Бала өсіріп, берекетті достар жиған қасына,
Арабымен, жан-жағымен, сірә, бүгін бір дастан.
Тірлігін ол отбасының ғылымменен жалғаған,
Кандидаттық, докторлықты жеделдете қорғаған,
Болашағы еліміздің салауатты болсын деп
Өмір жолын денсаулыққа, жансаулыққа арнаған.
Жер бетінде сұлулық көп, бәрі әйелге жетпейді,
Отан-Ана, Жер-Ана да әйел жанын естейді,
Жан-жағымның бәрі Майра, бәрі сұлу боп кетсін,
Ал сұлулық, Мұқаң айтқан, бізге көптік етпейді.
Қуанамын мен де бүгін, дәл осындай достарға,
Бұл өмірдің бір қызығы зиялы дос — дау бар ма,
Жазған кітап, еккен ағаш, әлпештеген ұрпағың
Ескерткіштен, естеліктен биік екен ұққанға.
Астана-Семей, 24.11.2002ж.