КҮЛӘШҚА

Өмір шіркін кейде жұмбақ, кейде ашық,

Сыйлайды ол: кейде жұмақ, кейде шық,

Адам болып қалу үшін, әлемде

Болу керек тіршілікке шын ғашық.

Тағдыр шіркін кейде орайлы, орайсыз,

Пендеміз ғой жақсылықты, пәктілікті қалаймыз,

Арманындай аңсайтұғын осы сөздің мазмұны

Қарапайым сыйластық қой, байқамаймыз қалай біз.

Кездеспейтін осы сыйды сезінгенмін өзіңнен,

Адал жүрек, мөлдір тұнық қарақаттай көзіңнен.

Қажығанда күйкі тірлік, арсыз қылық — Ғайбаттан

«Көңіліңе алма, Аға» — деген адамилық сөзіңнен!

Күләш атты қылықты қыз көп болса екен, қазағым,

Бірі әнмен, бірі арымен аластайтын Адамын,

Сол Күләштар арасында өз орның бар, қарағым

Қарлығаштай су тасыған, замандасым — адалым.

Тілек көп қой, арман көп қой бір келетін өмірде,

Ертек — қиял, сұхбат — сұрау көп-ау, сірә, көңілде,

Жамандықтан, жаңсақтықтан, О, Құдайым сақтасын

Көңіл мырза шақтарыңда, жақсылықта мені ізде.

Бұл өмірде жақсы — жаман, бәріміз де мейманбыз,

Әрбір күнің, әрбір сәтің өтпесінші мейрамсыз,

Болашақтар болсын десек арайлы да аяулы

Дастарханы тіршіліктің болсын деймін қаяусыз.

Астана, 15.01.2003ж.