
Нәрестелік, бозбалалық — бәрі артта,
Бүгін, міне, Оразғали қырықта!
Қимағанмен бал-дәуренін — жастықты
Ер ағасы болу мұрат, ұмытпа.
Бірақ маған Оразғали пендеден,
Ұқсайды көп күйге, биге, әнменен,
О’ бастағы табиғаты — сезім, сәуле, сұлулық
О’ бастағы табиғаты тіл табысқан пернемен.
Мінезі оның «гармония» заңы,
Тіршіліктің «қисынды» ісін бұзады,
Сезінбеген, түсінбеген ағайын
Ақыл емес, «адасқан» деп ұғады.
Сірә, ағайын, таза болу азап қой,
Оразғали басқа емес, қазақ қой,
Ойын емес, жүрегінің дірілін
Ашық айту, ашына айту талап қой.
Сондықтан да бұл бауырым туысым,
Замандасым, көп сыйласым, қимасым,
Сәуле — басы, бала-шағаларыңмен
Деп тілеймін: арта берсін ырысың!
Бүгін Ораз! Бол Ықылас, Тәттімбет,
Достарыңды, тойлай келген, тәнті ет,
Жазылғайын «той альбомы» бетіне
Иман, Арман, Әділет пен Ақ тілек.
Семей қаласы, 29 июнь, 1990 жыл.