
Қосылғандай жаңалық болмысыма,
Үміт болған санама, қалып тұлға,
Күйші ғұмыр екен ғой — Қазақ ғұмыр,
Шашып алған кәусәрін ойға — қырға.
Бәрін тартып алғанда, бодан қылып,
Тірі қалыпты-ау, күй деген алтын — сырға!
Берген екен бағыма күй табиғат,
Жете алмаған, білмеген басқа, зәузат,
Қандай ғажап Алланың берген сыйы,
Бақ пен Сор да — бойыма берген қуат.
Кең даламдай бойымда бостандығым,
Күйден екен, күй кешкен, санам-пырақ.
Сайын далам, тербелген күй бесігі
Махаббатым, болмысым тиесілі!
Өмір — шіркін дейтұғын дүниенің
Күй — батамен ашылған бар есігі.
Келген өмір, келетін, кететұғын
Барлығы да күй — өрнек, күйдің кейпі.
Қазақ көркі күй бейнет, күй жұбаныш,
Ақтабан жыр, бесік жыр, күй — қуаныш,
Түстік өмір, кештікке мал жинаған
Садақасы күй, жанның, мал алданыш.
Болмысы оның күй — құдай, фәниі — тұл,
Тәңірі — көк, биігі Самұрық — құс!
Күйдің көркі, іреңі — ақселеу түс,
Жүректерде ақселеу болмайды күс,
Алпыс екі «Ақжелең» қанымдағы
Қызыл емес, боз емес, ақселеу түс.
Бәрін ұқтым, Ақселеу — күй тірілткен,
Ақселеу іс, аңсаған, ақселеу түс.
07.02.2006ж.